Войти через

  • 06:51:09
  • -4°C

Четверг, 12 декабря$ 386.3  € 428.14  ₽ 6.08

 

Жаңалықтар

Талдықорғанда Жұмахан Балапановқа ескерткіш орнатылды

Облыс орталығында экономист, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Жұмахан Балапановқа ескерткіш қойылды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Ескерткіш Жұмахан Балапанов және Дінмұхамед Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашев, Жұмахан Балапановтың жары Балкен Балапанова, сондай-ақ қаламгерлер мен қала тұрғындары қатысты. Жұмахан Балапанов  экономика ғылымдарының докторы,  мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы болған. 140-тан астам ғылыми еңбек жазып, 10-ға тарта монография мен кітаптар авторы. Фото: Интернет.

Кеген ауданының 90 жылдығында 90 метр құрақ көрпе тіліліп, 90 тонна бауырсақ пісірілді

  Алматы облысы Кеген ауданының 90 жылдығына орай облыс әкімі Амандық Баталов ауданның бірнеше ұжымына шағын автобус кілттерін тапсырды. Олардың арасында биыл құрылғанына 50 жыл болған Кеген халық театры, аудандық аурухана, спорттық-сауықтыру кешені бар. Осы және өзге де марапаттар 90 жылдыққа арналған салтанатты жиында берілді, деп хабарлайды TINFO желілік агентігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бүгін Кеген ауданының 90 жылдығына арналған шаралар спорттық сауықтыру кешеніндегі қазақ күресінен өткен ауданның ашық біріншілігімен басталды. Спорттық нысанға облыс әкімі Амандық Баталов, Олимпиада чемпионы, белгілі меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров және басқа да қонақтар барып, алдымен ғимарат ауласына шырша отырғызды. Сырттағы футбол алаңын, кешен ішіндегі жаттығу залдарын аралап көрді. Таэквандо, бокс, футбол ойындарына жаттығып жатқан жас спортшылармен тілдесті. Жалпы бұл ғимарат 621 млн. теңгеге салынып, биыл ел игілігіне ұсынылған болатын. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Қазір мұнда футбол, волейбол, баскетбол, каратэ, күрес, бокс сияқты спорттың көптеген түрлеріне жаттығуға мүмкіндік бар.  Мұнан соң аудан орталығындағы Райымбек батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойған қонақтар мен өңір тұрғындары 90 жылдықтың салтанатты жиыны өтетін аудандық мәдениет үйіне қарай ағылды. Мәдениет үйінің фойесіне қойылған кітап көрмесі, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, суретшілер туындылары келушілердің назарына ұсынылды. Мерекелік жиынның шымылдығы ата мен баланың диалогы негізінде өрбіген аудан тарихы туралы театрландырылған көрініспен ашылды. Кегендіктерді мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің тарихына, тұлғаларының еңбегіне қысқаша тоқталып, халқына ес, жауға сес болған Хангелді, Райымбектей батырларды, Қарқара көтерілісінің басы-қасында жүрген Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір сынды ел ақсақалдарын, от ауызды, орақ тілді Бөлтірік ақынды және басқа да ақын-жазушы, қайраткерлердің есімдерін ерекше атап өтті. Еңбегімен елінің даңқын биікке көтерген Социалистік Еңбек Ерлерін де ұмыт қалдырған жоқ. Ауданның бүгінгі табыстары да тілге тиек етілді. «Аудан халқы бүгінде осы өлкеде туып-өскен ұлы тұлғалардың жолын тәуелсіз елімізде лайықты жалғастырып келеді. Елбасының сындарлы шешімімен Райымбек ауданы екіге бөлінгені белгілі. Соның нәтижесінде Кеген жеке аудан болып, бүгінде даму қарқынын одан әрі жалғастыруда. Жетісудың бір қиырында орналасқанына қарамастан, аудан тұрақты түрде өсіп-өркендеп келеді. Әсіресе, картоп өсіруде аудан халқының тәжірибесі мол. Сондықтан біз картопты өндірістік масштабта өндіруді қолға алып, шаруашылықтарды техникамен қамтуға, элиталық сортты тұқым алуға қолдау көрсетіп келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында қуатты елді қуатты өңірлер құрайтынын ерекше атап өткен болатын. Сондықтан Кеген ауданының жетістіктері облыс үшін де, еліміз үшін де маңызды деп білемін», - дей келе, облыс әкімі ауданның 90 жылдығымен құттықтап, барша қауымға мықты денсаулық, толайым табыс, мол игілік, ел есендігін тіледі. Облыс басшысы ауданның бірнеше азаматына Құрмет грамотасын, Алғыс хатын тапсырып, бірқатар аудандық мекеме ұжымдарына шағын автобус кілтін берді. Сол сияқты филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиевпен бірге аудан шежіресі жайлы «Ата тарих, тоқсан жылдың толғауы» атты кітаптың тұсауын кесті. Аудан әкімі Талғат Байеділов те жұртшылыққа құттықтау сөзін арнап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірнеше азаматқа «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Осы басқосуда қоғам қайраткерлері Жақсылық Үшкемпіров, Стахан Белғожаев, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан мен Алмат Исәділдің де ыстық ықыласына халық ризашылықпен қол соқты. Осы күні мерекелік концерт қойылып, мерейтойлық шаралар орталық алаңда жалғасты. Балалар асық ойнап, алтыбақан тепті, үлкендер арқан тартысып, түрлі жарыстар өткізді. Əжелер 90 жылдық тойға арнайы тіккен 90 метр құрақ көрпелерін алып шықты, сол сияқты 90 тонна бауырсақ пісіріліп, таратылды. Жалпы, Кеген ауданының 90 жылдық мерейтойы кеше, яғни 24 қазанда ғылыми-практикалық конференциямен басталғанын атап өту керек. Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.          

Алматы облысының 5 спортшысы Токио олимпиадасына барады

Өңір спортшылары Токио қаласында өтетін ХХХII жазғы Олимпиада ойындарына садақ атудан және грек-рим күресінен 5 жолдама ұтып алды, деп хабарлайды TINFO желілілк агенттігі. Бұл туралы «Jetisy media» мекемесінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұркен Нұратов мәлімдеді. «Қазіргі таңда Алматы облысының споршылары  келер  жылы Токио қаласында өтетін ХХХII жазғы Олимпиада ойындарына садақ атудан және грек-рим күресінен 5 жолдама ұтып алды. 2019 жылдың маусым айында Голландия мемлекетінің Хертогенбос қаласында садақ атудан өткен әлем чемпионатында облыс спортшылары Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин сынды спортшыларымыз  3 жолдаманы  жекелей  ұтып алса, 1 жолдаманы  командалық есепте  иеленді», - деді облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұркен Нұратов. Осы жылдың 14-22 қыркүйегінде  Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионатында Асхат Ділмұхамедов 5 орын алып,  Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алды. «Жазғы Олимпиада ойындары  2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Төртжылдықтың  басты додасында  33 спорт түрінен 339 медальдар  жиынтығы сарапқа салынады деп күтілуде.  Бұл жолдамаларға олимпиадалық салмақ дәрежелерінде 1-ден 6-ға дейінгі орындардан көрінген балуандар ие болды. Дүбірлі жарысқа  10 айдан да аз уақыт қалды. Дайындық пен жаттығу шаралары басталды. Ендігі арманым - қазақ елінің көк байрағын жоғарыда желбірету», - дейді грек-рим күресінен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асхат Ділмұхамедов. Фото: Интернет, «Jetisy media» КММ.

Тоқаев Социалистік еңбек ері Күләш Айтжанованы 80 жылдық мерейтойымен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Социалистік еңбек ері, Алматы облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Күләш Айтжанованың 80 жылдық мерейтойына орай алғыс хат жолдады, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. 23 қазан күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталов еңбек еріне президенттің алғыс хатын салтанатты түрде табыстады. «Биыл Социалистік еңбек ері, Алматы облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Күләш Айтжанованың 80 жылдық мерейтойы. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын Күләш апаға тапсырып, ел алдында құрмет көрсеттік», - деп жазды Амандық Баталов әлеуметтік желідегі парақшасында. Айта кетейік, Күләш Айтжановаға жүгері дақылын өсіруде жеткен орасан зор жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Еріеңбегі атағы берілді.

«Қорғаста» Беларусь тауарларының сауда орталығы ашылды

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында Беларусь Республикасының тауарлары сатылатын арнайы сауда орталығы ашылды. Онда 20-дан астам түрлі компаниялардың өнімдері қойылған, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Жаңадан ашылған сауда павилоны арқылы Қытай нарығына қандай тауар керектігін зерттейміз. Егер біздің өнімдерге сұраныс артып жатса Алматы обысында Беларусь елінің өнімдерін өндіретін боламыз», - дейді Беларусь Республикасының Премьер-министрінің бірінші орынбасары Александр Турчин. Беларусь Республикасы Қытай еліне өз өнімдерін мұхит арқылы бір айдан астам тасымалдаса, «Құрғақ порт» арқылы 15 күнге тасымалдау мүмкіндігі бар. Сонымен бірге облыс әкімі Амандық Баталов шетелдік делегацияға Nur joly және «Құрғақ порт» бекеттерінің жұмыстарын таныстырды. Айта кету керек, өткен жылы Қазақстан мен Беларусь арасында 1 млрд теңгеге сауда-саттық жасалынған. Фото: www.facebook.com/AmandykBatalov.

Мемлекеттік қызметтерді алуда ЭЦҚ-ның қажеттілігі жоқ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ермек Құралбекұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. - Ермек Құралбекұлы, 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы болмаса, оның орнын қандай құжат басады? Енді тұрғылықты жері бойынша тіркеу қажет емес пе? Азаматтар қай мекенжайда тіркелгенін қайдан біле алады? - Иә, Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болды. Яғни, еш мемлекеттік орган, мектеп немесе медициналық ұйым азаматтардан мекенжай анықтамасын сұрата алмайды. Тіпті халыққа қызмет көрсету орталығынан да, электронды үкімет порталынан да анықтама алу мүмкіндігі болмайды. Енді қазақстандықтар мекенжай мәліметін тек egov.kz электронды үкімет порталы және eGov mobile  қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады. Ал осы анықтамаларды сұратушы мелекеттік органдар мекенжай тіркеуі туралы мәліметті ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы өздері алатын болады. Жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдаланады. Бұл тек азамат  ақпарат алуға рұқсат беретін бір реттік SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция. - Осы мекенжай анықтамасын айналымнан алып тастау халыққа, мемлекетке қаншалықты тиімді? - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы сараптама жүргізіп, қазақстандықтардың жыл сайын әртүрлі ұйымдарға ұсыну үшін 20 миллионнан астам анықтаманы басып шығаратынын анықтаған болатын. Оның жартысына жуығы – мекенжай анықтамалары екен. Көбіне бұл анықтаманы жұмысқа орналасу, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеу, банк қызметтерін алу кезінде, сондай-ақ әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін сұратқан. Осылайша, мекенжай анықтамаларының күші жойылған кезде азаматтардың ХҚО-ға келу саны 10 миллион есе азаймақ. Сондай-ақ қағаз айналымы да қысқарады. - Жаңа жоғарыда азаматтар eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тіркеуге тұрған мекенжайларын тексере алады деп айтып өттіңіз. Бұл жүйеге тіркелу үшін не керек? - Ағымдағы жылдың қазан айының басында электрондық үкіметтің жаңартылған eGovmobile мобильдік қосымшасы іске қосылды. Қосымшаны AppStore және PlayMarket-тен жүктеп алуға болады. Қосымша мемлекеттік қызметтерді алу процесін айтарлықтай жеңілдетті, жетілдірілген eGovmobile қолданыстағы электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) 4 таңбалы PIN-кодқа немесе биометрия құрылғыларына (Face ID, Touch ID) тіркеп қоюға мүмкіндік береді. Бір рет электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) PIN-кодқа немесе биометрия құрылғыларына тіркеп алған қолданушы, жүйеге кіру және мемлекеттік қызмет алу кезінде ЭЦҚ таңдап немесе пароль енгізіп әуре болмайды. - Сонда енді мемлекеттік қызметтерді алуда ЭЦҚ-ның қажеттілігі жоқ па? - Иә, енді азаматтарға ЭЦҚ-ның қажеттілігі жоқ. Бүгінде біз ұялы телефонымыздың бұғатын саусақ ізімен немесе Face ID-мен шешуді үйреніп алдық. Дәл осылай бұл қосымшада да ЭЦҚ-ңызды өзіңіздің биометрияңызға тіркеп алып, мемлекеттік қызмет алу барысында сұрауды өзіңіздің Touch ID немесе Face ID-іңізбен растауға болады. Қазіргі уақытта бұл қосымшада 28 қызметтер қолжетімді. Олар: базалық зейнетақы төлемін есептеу мөлшері туралы анықтама, бала тууына байланысты төлемдер және бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы, соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама, жылжымайтын мүліктің бар/жоғы туралы анықтама және т.б.  - Алдағы уақытта тағы қандай анықтамалар мен қызметтер қысқаруы мүмкін? Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркісібі министрлігінің ұйымдастыруымен Astana Hub алаңында өткен «Цифрлық күз басталды» кездесуінде «Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева мекенжай анықтамасынан кейін жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, псих-нарко, туберкулезге қарсы диспансерлердің анықтамасы, жұмыссыз ретінде тіркелу сияқты және т.б. анықтамалар да жойылуы туралы мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» композитті түрде көрсетілетін қызмет түрлерін арттырмақ. Бұдан былай қандайда бір мемлекеттік қызметті алу үшін толтырылатын өтініш саны азайтылатын болады. Келесі жылы қызмет көрсету процесін оңтайландыру үшін 55 түрлі мемлекеттік қызмет 21 түрлі композиттік қызметке біріктіріледі деп жоспарланып отыр. Мысалы, бұрын зейнет жасындағы азаматтар құжаттарын дайындау үшін ХҚО-ға келіп жасына байланысты және базалық зейнетақыны төлеу бойынша 2 өтініш беретін, бір айдан кейін қайтадан мемлекеттік кепіл төлем жасау туралы өтініш жазатын. Одан кейін  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып, тағы бір өтініш толтыратын. Ал бір жыл бұрын жоғары сұранысқа ие бұл қызмет композиттік әдіспен рәсімделе бастады. Қазір азаматтар осы 4 қызмет үшін ХҚО-ға бір-ақ рет барып, бір ғана өтініш жазатын болды. Одан бөлек, жер актісін алу қызметі де үлкен сұранысқа ие. Қызметті алу үшін 4 түрлі өтініш жазу керек. Сондықтан мемлекеттік корпорация басшылығы 2020 жылдан бастап бұл актілердің барлығы біріктіріп, «Сәйкестендіру құжаттарын әзірлеу және беру» сияқты бір қызмет арқылы қолжетімді етуді жоспарлауда. Сұхбатыңызға рақмет!

Балпық биге арналған республикалық мүшәйра өтті

Текелі қаласында республикалық «Байтақ елдің Балпық биі» атты жазба ақындар мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Мүшәйра Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Текелі қаласының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалы мен «Үш Бәйтерек» қоғамдық қорымен ұйымдастырылды. Шараның мақсаты - Балпық бидің 325 жылдығына орай, батырдың данагөйлік мұрасы мен тарихтағы орнын поэзияның құдіреті арқылы кеңінен паш ету. Республиканың түкпір-түкпірінен 50-ден астам жолданған арнау өлеңдердің ішінен іріктеуден өтіп, арнайы шақырылған 8 ақын өзара додаға түсті. Мүшәйраға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Туғанай Рахымберлина қазылық етті. Байқаудың бас жүлдесін облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, I орынды Көкшетау қаласынан келген Майра Тоқанова иеленді, ал II орынға Өскемен қаласынан келген Әскерхан Ақтай лайық деп танылды. III орынды жетісулық Мұхтар Күмісбек пен Түркістан облысынан келген жас ақын Кәдірбай Ғалымнұр өзара бөлісті. Сол сияқты, Әли Ысқабай, Жомарт Игіман, Нұрбол Құдайберген ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Фото: Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы.

Алматы облысының 1000-нан астам ұйымы бюджеттерін ашық түрде жариялады

Алматы облысында «Сапалы жол» және «Ашық бюджеттердің интерактивтік картасы» жобаларын іске асуда, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Бұл туралы «Jetisy Media» коммуналдық мекемесінде өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды. 2018 жылы 26 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Парламентаризмді дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» бірегей жобасының таныстырылымы өткен болатын. Қазіргі таңда осы жоба Алматы облысында іске қосылды. Интерактивтік карта - қоғамның ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдету, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік билігіне сенім деңгейін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді диалог платформасын құру үшін құрылған ЕурАзЭҚ және ТМД елдері арасындағы бірегей жоба. Жобаны «Парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының бастамасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Арнайы мониторингтік топтың қолдауымен «QLT» отандық IT компаниясы әзірлеген. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдары бюджеттерінің атқарылуын жариялау, сондай-ақ азаматтардан түскен өтініштерін қабылдау және өңдеу алаңы болып табылады. Ал картаның әлеуеті бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның міндеттеріне тиімді қол жеткізу мақсатында жүйенің жаңа мүмкіндіктерін әзірлеуді және енгізуді жоспарлауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары  Жандос Сағындықұлы. Бүгінгі күні Алматы облысында 1353 ұйым өздерінің бюджеттерін аталған платформада жариялауда. Айта кеткен жөн, интерактивті карта 24 сағат бойы қолжетімді, егер қандай да бір сәйкессіздіктер байқалса, кез келген адам тиісті суреттер мен бейнематериалдарды тіркей отырып, уәкілетті органға хабарлай алады. Фото: Интернет, «Jetisy Media» КММ.

Көксу ауданы «Сервистік әкімдік» форматына көшті

Алматы облысының Көксу ауданында «Сервистік әкімдік» ашылды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Әкімдіктің ашылу салтанатына аудан әкімі Алмас Әділ, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы - Серікбай Нұрғисаев, ҚР Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы - Данияр Тұрғанбаев қатысты. Сервистік әкімдік мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылды. Яғни, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындарымен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына еш кедергі болмайды. «Оның үстіне уақыты тығыз қызмет алушы аудан орталығының түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызметті бір ғимараттың ішінен тауып, ісін қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізеді. Қызмет алушылар үшін залда барлық жағдайлар жасалған», - деп атап өтті аудан әкімінің баспасөз қызметі. Әкімдіктің жұмысы 4 қағидамен жұмыс істейтін болады. Олар: ашықтық, қолжетімділік, қызмет көрсету сапасы және жайлылық. Кеңсенің жалпы аумағы 60 шаршы м2 құрайды. Сервистік әкімдікте 6 аудандық жергілікті атқарушы органдарының мамандары орналастырылды. Онымен қоса, «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» да жабдықталды. «Сервистік әкімдіктің» тағы бір ерекшелігі, барлық атқарушы органның қызметкерлері «Open space» әдісімен яғни, ашық алаңда отырып жұмыс істейді. Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында сервистік әкімдік Үштөбе қаласында ашылған. Фото: Көксу ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Кербұлақ ауданының білім бөлімінде жаңа басшы

Алматы облысы Кербұлақ ауданының білім бөліміне жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 29-бабының 1-тармағына сәйкес, Досалбаев Ермек Сарқытбайұлы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. «Білім бөлімінің басшысын жаңа лауазымымен құттықтаймын! Жаңа қызметті адал атқарып, Кербұлақ ауданының білім сапасының деңгейін көтеруге аянбай еңбек етеді деп сенемін!» , - деп жазды аудан әкімі махаббат Бигелдиев Facebook жеке парақшасында. Осыған дейін Ермек Досалбаев Қаспан ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеді. Фото:

«Орбұлақ» шайқасының тарихи клубы құрылды

Талдықорған қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жанынан «Орбұлақ шайқасының тарихи клубы» құрылды, деп хабарлайды  TINFO желілік агенттігі. Клуб халқымыздың көп ғасырлық мәдени-тарихи мұрасын жандандыруға және тарихымызға деген жағымды көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Жалпы ұлттық клубы  түрлі фестивальдер өткізу, тарихи естелікті сақтауға жаңа серпін бермек. Сонымен қатар, тарихшылар, археологтар, қолөнершілер, реконструкторлар мен түрлі қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыстар жүргізеді. Клубтың алғашқы отырысына  зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен жас мамандар қатысты.  Жиында  алғаш болып сөз алған «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін «Орбұлақ» шайқасының отандық тарихтағы мән-маңызына тоқталып өтті. «Ұлт тарихында Орбұлақ шайқасының орны бөлек. Шайқас туралы айтқанда, Салқам Жәңгір мен Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүрдің есімдері аталмай тұрмайды. Ел арасында күмән туғызып келген Орбұлақ шайқасы егемен елдің тарихынан ойып тұрып орын алды. Қазақ елінің жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғысы ұлт қаһармандарының ел мен жер тағдырын батыл шешіп, халқын қорғай алатындығын дәлелдеп, көрегендік саясатының мызғымас беріктігін көрсетті. Бұл шайқас – қаһармандық пен ержүрек батыр бабаларымыздың ұлы жеңісі. Сондықтан тарихтағы ұлы істер, ерліктер ұмытылмауы қажет. Облысымызда осындай тарихи клубтың құрылғандығы өте қуантарлық жағдай», - деді Әміре Әрін. Фото: «Жетісу медиа» КММ.

Үшаралдық жас ұстаз автокөлік мінді

Талдықорған қаласында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай «Ұстаз  аты –ұлы, әрі мәңгілі » атты  салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Мерекелік шараға  облыстың  аудандары мен қалаларының білім саласының басшылары, оқу орындарының оқытушылары қатысты. Аймақ басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Батыржан  Байжұманов жиналғандарды құттықтап сөз сөйледі. «... Білім беру сапасын жақсартып, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын жою, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, инклюзивтік қоғам құруға белсене атсалысуымыз керек.  Шәкірт  бойына білім мен тәлімді тәрбие  нәрін сепкен ұстаздар  қауымы  кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!», - деді облыс әкімінің орынбасары. Салтанатты жиында білім саласында  зор еңбек сіңіріп, табысты қызмет жасап жүрген  мұғалім мен педагог-тәрбиешілер  марапатталды. Оның ішінде  ҚР Президенті атынан Алғыс хат, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғысы, Алматы облысы  әкімінің  Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты    сала қызметкерлеріне  құрметпен табысталды.  «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне Талдықорған сервис және технология колледжінің директоры Л. Базарқұлова, қаладағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Г. Жиренбаева да ие болды. «Ыбырай Алтынсарин»  төсбелгісі екі ұстазға — Б. Мұстафина мен М. Мұхамедиеваға  тапсырылды. Сапалы білім  мен саналы тәрбиені  жас ұрпақ бойына дарытып,  зор жетістіктерге қол жеткізген білім ошақтары облыс әкімінің номинациялары бойынша арнайы сертификаттармен  марапатталды. «Үздік ауыл мектебі» — аталымында  Еңбекшіқазақ ауданындағы №1 орта мектеп, «Үздік балабақшаны» — Қапшағай қаласындағы «Искорка» балабақшасы, «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» - Алматы экономикалық колледжі, «Орта білім беретін үздік ұйым» - номинациясында Текелі қаласының №8  орта мектебі  жеңімпаз атанды.  «Үздік педагог-2019» атағын Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Ә. Тойшыбекова, Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі С. Жанаберлиева және қапшағайлық Д. Қоспаева иеленді. Сондай-ақ, « Жылдың үздік  сынып жетекшісі» атағына  Текелі қаласындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М. Тутеев лайық деп табылыпты. Ал «Жылдың үздік мұғалімі» атағы мен жеңіл автокөлік кілті Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы №1 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Алмас Тұрсынбаевқа салтанатты түрде  табысталды. «Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын мұғалімдер арасында «Жылдың үздік мұғалімі» байқауы өткізіліп келе жатқаны белгілі. Биылғы облыстық сынға 24 ұстаз қатысып, 1 орынды жеңіп алдым.   Оған жаңартылған білім бағдарламасы мен робототехника, ІТ саласын жетік білуім негіз болды», - дейді жеңімпаз. Фото: «Жетісу медиа» КММ.

Нұркентте 240 пәтердің құрылысы басталды

Панфилов ауданының  Нұркент қалашығында 60 пәтерлі төрт тұрғын үй салынуда, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше,  аталған тұрғын үйге республикалық және жергілікті бюджеттен 2 млрд 79 миллион теңге бөлінген. Жалгерлік тұрғын үйлер келер жылдың екінші жартысында пайдалануға беріледі. «Қазір құрылыс қарқынды жүрілуде. Мердігер компания жұмысты жоспар бойынша орындап жатыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыдар, абаттандыру жұмыстары барлығы толығымен жүйеленген», - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Арғынғазы Саурықов Аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Тазабековтың сөзінше, 240 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйге кезекте тұрған адамдарға беріледі. Қазір аудан бойынша 3086 отбасы кезекте тұр. Панфилов ауданында биыл кезекте тұрғандарға 40 жалгерлік үйдің кілті тапсырылса, кәсіпкерлер тарапынан көп балалы 14 отбасыға баспана берілген. Фото: Панфилов ауданы әкімнің баспасөз қызметі.

«Талдау және болжау» орталығы ынтымақтастықты арттыруда

 «Талдау және болжау» орталығы діни бірлестіктердің ынтымақтастықтарын арттыру мақсатында «Ізгілікті істер» қоғамдық қоры орталығымен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Бұл туралы «Zhetysu media» алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Қазіргі таңда Алматы облысында азаматтарға діни мәселелер бойынша онлайн-кеңес беретін «Қауырт желі 114» орталығы жұмыс істеуде. Орталық «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан ұсынылған. «Қауырт желі 114» Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен діндерді зерттеу орталығы қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жоба азаматтарға діни мәселелер бойынша кәсіби және уақытылы көмек көрсете алады. Мамандар телефон арқылы және сайттың онлайн режимінде тұрғындардың дінге қатысты сауалдарына жауап беріп, деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетеді. Консультациялық кеңес қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Бүгінде «Қауырт желі 114» Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде жүзеге асырылып отырған бірегей бастама саналады. Орталықта заңгер, теологтар мен дінтанушылар, психологтар жұмыс істейді. Кеңес беру тәулік бойы және құпия, жасырын түрде жүргізіледі. Қоңыраулар Қазақстанның кез-келген нүктесінен тегін қабылданады. Меморандумға қол қоюдың басты себебі, «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының «Талдау және болжау» орталығымен кері байланыс орнату. «Қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарымыздың азаматтар үшін қаншалықты тиімділгін, орталықтың деңгейін сауалнама арқылы білу. Орталықтың алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс істеу қажеттілігін анықтау. Сондай-ақ, азаматтарға  әзірленген сауалнамалардың дұрыстығын, методикалық әдістерге сай жасалынғандығын арнайы сарапшылардың бақылауына алу мақсатында меморандумға қол қойып отырмыз»,- деді «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының қоғаммен жұмыс істеу маманы Жандос Анарбекұлы. Фото: «Zhetysu media» КММ.

Талдықорғанның көп балалы аналары мен ардагерлеріне 100 коттедж берілді

Бүгін Талдықорған қаласындағы «Береке» шағын ауданында 100 коттедж үй салынып бітіп, пайдалануға берілді. Сөйтіп Талдықорған қаласының туған күніне орай көп балалы аналар, ауған соғысының ардагерлері, кезекте тұрған азаматтар қоныстой қуанышына кенелді. Оларға пәтер кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетов және басқа да белгілі азаматтар салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қолданысқа берілген 100 коттедж қатарымен сап түзеп «Береке» шағын ауданының ажарын ашып тұр. Екі қабатты үйлердің біркелкі тұр-тұрпаты, аршыған жұртқадай аппақ шарбақтары алыстан көз тартады. Баспаналы болу бақытына бөленген көпшілік осы салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталовтың қос мерекемен құттықтаған ізгі тілегін ықыласпен тыңдады. «Шаңырағың биік, босағаң берік болсын дейтін жақсы тілек бар қазақта. Бүгін сіздердің қуаныштарыңызға осындай тілектерді арнап айтқым келеді. Жаңа баспанада бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, іші шаттық пен бақытқа толсын! Бұл коттеджді қалашық біраз жыл бұрын қолға алынғанымен, құрылысы біраз саябырлап қалған еді. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын жандандырып, соның 100 үйін аяқтап, көп балалы аналарымызға, баспанаға мұқтаж азаматтарға беріп отырмыз. Елбасы жүргізген, жаңа Президентіміз жалғастырған мемлекеттік саясаттың арқасында осындай зор нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Ынтымағымызды сақтап, бірлесе еңбек етсек, бұдан да биік белестерге жетеміз. Қашанда ел іргесі тыныш, еңбегіміз жемісті, ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болсын!», – деді Амандық Баталов. Мұнан соң қоныс иелері жаңа үйлерінің кілтін облыс әкімі Амандық Баталовтың, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетовтің, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіттің қолдарынан алды. Сонымен қатар тұрғындарды баспанамен қамтуға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосқанын атап өту керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ынта танытқандар қатарында «Сарқан Май», «Адал», «Казфудпродакс», «Жаркент Арасан», «Табыс даму», «Нұр-Шапағат», «Ақсу қант», «Вершки» ЖШС-ларының, «Ернар» шаруа қожалығының, Жаркент Крахмал зауытының басшы азаматтары бар. Осы жомарт жандардың бірқатары ортаға шығып, кілт тапсыру рәсімін атқарды. Шарада көп балалы ана Зылиха Нұрсейітова, Ауған соғысының ардагерлері Мұрат Әмитов пен Шормақ Ілиясов тұрғын үй иелеріне құттықтау лебіздерін, облыс және қала басшылығына алғыстарын білдіріп, кино саласының көрнекті өкілі Әлімғазы Райымбеков ақсақал бата берді. Облыс әкімі бастаған ресми өкілдер жаңа үйлерді аралап көріп, көп балалы аналар Рысқан Ақбәкірова мен Зылиха Нұрсейітованың шаңырақтарынан дәм татты. Жалпы, Талдықорғандағы «Коттеджді қалашықта» бекітілген жобаға сәйкес жалпы алаңы 56,4 мың шаршы метр болатын 606 жеке тұрғын үй (коттедждер) салу жоспарланған. Қазіргі кезде мұнда алаңы 13,9 мың шаршы метрлік екі қабатты 155 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бес құрылыс компаниясы тартылды. Оның 100-і бүгін пайдалануға берілді. Көп балалы отбасылар үшін "Le Pes» ЖШС жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метрлік 125 пәтерлі 2 үй салуда. «7-20-25» бағдарламасы арқылы 8-ші және 9-шы шағын аудандарда аумағы 23,8 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысын биыл бастап, келер жылы аяқтау көзделген. Сонымен бірге бюджет есебінен 8 және 9 шағын аудандарда жалпы ауданы 140,5 мың шаршы метр 1 553 пәтерлік 15 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Ал биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында Талдықорғанда 100,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді, бұл 2018 жылдың деңгейінен 1,8 есе жоғары. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар арқасында халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқын алып отыр. Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойы туған жерінде тойланды

Cарқан ауданында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Шараға Кәкімжан Қазыбаевтың асыл жары Орынша Қарабалина-Қазыбаева қатысты. Бақалы ауылындағы К.Қазыбаев атындағы орта мектепте қаламгерді еске алуға арналған қойылым назарға ұсынылып, мерейтой иесінің ұлы, «Алаш Медиа Груп» медиахолдингтің бас директоры Батыр Қазыбаев әкесінің атындағы мектепке естелік сыйлықтар ұсынды. М.Арын атындағы ауылдық Мәдениет үйінде кітаптар көрмесі мен мерекелік концертті көпшілік тамашалады. Келесі күні Бақалы ауылының атшабарында аламан бәйге ұйымдастырылып, І орынды Ақсу ауданынан келген Айбек Досаевтың арғымағы еншілеп, ақсулық Шалқар Алдабергеновтың тұлпары ІІ орыннан, Бақалы ауылынан Нұрбол Мұхаметжановтың қосқан жүйрігі ІІІ орыннан көрінді. Сол күні Қойлық   ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте еркін күрестен жарыс өтіп, І орынды сол ауылдың тұрғыны Дәулет Әкім жеңіп алды. Қойлық ауылындағы К.Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінде мәртебелі меймандармен сарқандық тұрғындардың   кездесуі өтті. Алдымен меймандар еңселі мәдениет үйінің алдындағы қаламгер-қайраткер мүсініне гүл қойып, көркемсурет көрмесін қызыға тамашалады. Танымал меймандармен кездесуге тайлы-таяғымен келген көрермендер алдында аудан әкімі Марат Разбеков сөз алып, мақтан тұтар жерлесіміздің қызмет баспалдақтарымен, шығармашылығымен таныстырды. Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, жалынды публицистикасымен, деректі туындыларымен жарқ етіп көрінген қаламгер ағамыз Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарлығынан Қазақстан Орталық Комитетінің аппаратына жауапты жұмысқа шақырылған. Екі басылымда белгілі бір орында табаны күректей жиырма жыл отырған Кәкеңнің партиялық қызметке барысымен жұлдызы жарқырап шыға келеді. Араға санаулы жылдар салып, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ-тың бас директоры болып, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшылығына дейін көтерілгенін Марат Мелісұлы өз сөзіне арқау етіп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қаламгер-қайраткер мерейтойына арналған құттықтау хатын табыс етті. Аудан басшысы халқымыздың дәстүрімен мерейтойға арнайы келген Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың, доцент Зұлжамал Дәуленованың иығына қамзол,  жазушы-журналист Жанболат Аупбаевтың, медицина ғылымының докторы, профессор Нұрлан Арынның, техника ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Аманкелді Бекбаевтың,  жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуаттың, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Қайранбаевтың иығына шапан жапты. Кездесуде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, республикалық Ұлттық қоғамдық келісім комиссиясының мүшесі Дәурен Қуат Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жазушы-журналист Жанболат Аупбаев ұстазы, Кәкімжан Қазыбаевтың  журналистік-жазушылық қыры жайында тың деректерді ортаға салды. Фото: TINFO.

Парақорлық істерден мемлекетке 24 млн жуық залал тиді

Алматы облысында 9 ай ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен 112 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның 74-і сыбайлас жемқорлықпен байланысты, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Бұл туралы ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы  Данияр Тұрғанбаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 9 айдағы қызметінің қорытындысының көрсеткішіне сәйкес аяқталған қылмыстық істер бойынша аңықталған залал сомасы 24,5 млн теңгені құрады. Оның 98%-ы немесе 23,9 млн теңгесі мемлекет кірісіне өтелді. Сыбайлас жемқорлықты жасағаны үшін 51 адам, оның ішінде 9 бірінші басшылар қылмыстық жазаға тартылған. «Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің, сондай- ақ Алматы облысы кеден қызметіндегі тауарды әкелу кезінде шекарадағы кедендік тексеру рәсімдері әлі де сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі болып табылады. Салық қызметі бойынша сыбайлас жемқорлық залалдануы 27,3% құрайды, кеден қызметі бойынша - 19% құрады. Өз кезегінде, салық саласы бойынша ақшалай сыйақының орташа мөлшері 108 мың теңгені, ал кеден саласы бойынша 74 мың теңгені құрайды», - деп атап өтті Данияр Тұрғанбаев. Департамент басшысының айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа жұмыс бағытына өте отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі функцияларды жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар қоғамда адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру және нығайту жөніндегі жұмыстарға көшуде. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бастамалары анық айқындалған құндылықтар призмасы арқылы іске асырылатын болады. Бұл – әділдік, сенім және парасаттылық. Бизнес пен инвесторды қолдауға арналған «Protecting Business and Investments», өскелең ұрпақты парасаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған «Адал ұрпақ», жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған «Саналы ұрпақ», темір жолдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоюға арналған «Адал жол» жобалары жүзеге асырылуда.  Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарын тарту мақсатында Арнайы мониторинг топтары қызмет етіп жатыр. Бүгінгі күнде олар жоғары оқу орындар мен колледждердің студенттерді мемлекет есебінен грантқа қабылдау емтихандарына мониторинг жүргізілуде.  Фото: «Jetisy media» КММ.

Министрлер мен әкімдер мектептерде «эко-сағат» өткізеді

3 қазанда Қазақстандағы барлық мектептерде «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталады. Бұл туралы Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. «Достар, осы бейсенбіде еліміздің барлық мектептерінде «Эко-сағат» атты факультатив оқытыла бастайтынын қуана хабарламақпын. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 3 қазанда Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күні аталып өтеді», - деп жазды министр Twitter-дегі өз парақшасында. Министрдің дерегі бойынша, акцияға барлық министрлер кабинетінің мүшелері, өңір әкімдері қатысады. Министрлер мен әкімдер республика мектептерінде сабақ өткізіп, содан кейін оқушыларға ағаш отырғызуға көмектеседі. «Біз бұл күні Қазақстанда 200 мыңнан аса ағаш отырғызылады деп үміттенеміз. Қазақстанда «эко-сағат» өткізу дәстүрге айналып, халықты экологиялық тұрғыда тәрбиелеуге едәуір үлес қосады деген ойдамын», - деді Экология министрлігі басшысы. Жоспар бойынша, акцияға Қазақстандағы 6 мың мектеп пен 2 млн оқушы қатысады. 12 қазанда еліміздің барлық тұрғындар акцияны жалғастырмақ. Фото: Интернет.