Войти через

  • 03:57:03
  • 14°C

Вторник, 18 июня$ 383.43  € 429.83  ₽ 5.96

Бизнеске ең бірінші тұрақтылық керек - кәсіпкерлер Президент сайлауы туралы

Бизнеске ең бірінші тұрақтылық керек - кәсіпкерлер Президент сайлауы туралы

09.04.19

Политика
Алина Галымова
Алина Галымова
Журналист

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент Үндеуіне байланысты өңірлердегі бизнестің басын қосып, Басқарманың кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.

Жиынды бастаған Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Президент Үндеуінде ең алдымен қажеттісі айқындық пен тұрақтылық екенін мәлімдеді.

«Қоғамға да, бизнеске де айқындық керек. Жоғарғы билік Конституцияға сүйеніп, заң негізінде қадам жасады. Президентіміз Елбасымен де, еліміздегі басқа да саяси күштермен, парламент, үкімет басшыларымен ақылдасқанын айтып өтті. «Атамекен» кәсіпкерлерді біріктіріп отырған ұйым болғандықтан, бизнеске ең бірінші тұрақтылық керек екенін айтқым келеді. Кәсіпкер үшін  өз бизнесін дамыту, елдегі инвестициялық ахуалдардың оң болуы, ішкі бизнеске де, сырттан келетін бизнеске де елдің тұрақтылығы, қоғамның тұрақтылығы, ауызбіршілігі керек» - деді Басқарма Төрағасы.

Бүгінгі Президент шешімі кәсіпкерлік тұрғысынан да қолдау табатын тура шешім.  Өз кезегінде өңірдегі бизнес-қауымдастық өз пікірлерімен бөлісті.

«Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Жетпісбай Едігенов Үндеудің уақытылы қабылданған шешім екенін айтты.

«Мен өз басым, жылдам шешім қабылдағанды жақсы көремін. Неге десеңіз, зауыттың басшысы болған соң, кез келген шаруада нақтылық қажет.  Бизнесті қолдауға бағытталған шешімдер жалғасын тауып, елімізде, тіпті отбасында тұрақтылыққа демеу болатынына сенімдімін. Бизнес өз кезегінде сайлауға белсенді атсалысуы керек», - деп ойын білдірді  Жетпісбай Едігенов.

Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Отау Құрылыс» холдингінің басшысы Қайрат Молдасейітов шымқаланың кәсіпкерлері бұл шешімді бірауыздан қолдайтынын, бұл тек бизнес емес, бүкіл халық күтіп отырған шешім екендігін жеткізді.  

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу сондай-ақ инвестициялық климаттың тұрақтылығын қамтамасыз ететінін айтқан ақтөбелік «Көкжар» агроөнеркәсіптік тауар-шикізат биржасының басшысы Есімхан Құрманғазин шетелдік инвесторлар осы төңірегінде ой қозғағанын да атады.

«Біздің өңірдегі шетелдік компанияның директорымен бірер күнде болған кездесуде олардың тарапынан алаңдаушылық барын байқадық. Әрине, біз бизнес әріптестерімізге басталған әр іс жалғасын табатынын айттық. Елде тұрақтылық болса инвестициялық климат да тұрақты болады. Соны бәріміз қалаймыз, қолдаймыз», - деді Есімхан Құрманғазин.

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі бизнес  өкілі - «СемАз» ЖСШ бас директоры Әсемқан Досқожанов ақтөбелік әріптесінің сөзін қолдап, кезектен тыс Президент сайлауының инвестициялық климаттың дұрыс қалыптасып, жалпы елдің экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізетінін айтты.

«Атамекен» ҚР ҰКП өңірлік палата дирекциялары атынан сөз сөйлеген Нариман Әбілшайықов бұл шешім елдегі әлеуметтік-экономкалық тұрақтылыққа аса қажет екенін, халық болып сайлауға белсенді түрде қатысуға дайын екенін жеткізді.

Басқарманың кеңейтілген отырысында басқада өңірлердегі жиынға қатысқан кәсіпкерлер бірауыздан бизнес қашанда нақты әрі ашық шешімді таңдайтынын, әр жасалған қадам бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін, және де бұл ретте кезектен тыс Президент сайлауы  - дұрыс шешім екенін атады.

Добавить комментарий

Авторизируйтесь, чтобы комментировать