Войти через

  • 16:40:53
  • 19°C

Среда, 16 октября$ 389.59  € 429.06  ₽ 6.05

 

Жаңалықтар

Көксу ауданы «Сервистік әкімдік» форматына көшті

Алматы облысының Көксу ауданында «Сервистік әкімдік» ашылды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Әкімдіктің ашылу салтанатына аудан әкімі Алмас Әділ, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы - Серікбай Нұрғисаев, ҚР Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы - Данияр Тұрғанбаев қатысты. Сервистік әкімдік мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылды. Яғни, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындарымен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына еш кедергі болмайды. «Оның үстіне уақыты тығыз қызмет алушы аудан орталығының түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызметті бір ғимараттың ішінен тауып, ісін қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізеді. Қызмет алушылар үшін залда барлық жағдайлар жасалған», - деп атап өтті аудан әкімінің баспасөз қызметі. Әкімдіктің жұмысы 4 қағидамен жұмыс істейтін болады. Олар: ашықтық, қолжетімділік, қызмет көрсету сапасы және жайлылық. Кеңсенің жалпы аумағы 60 шаршы м2 құрайды. Сервистік әкімдікте 6 аудандық жергілікті атқарушы органдарының мамандары орналастырылды. Онымен қоса, «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» да жабдықталды. «Сервистік әкімдіктің» тағы бір ерекшелігі, барлық атқарушы органның қызметкерлері «Open space» әдісімен яғни, ашық алаңда отырып жұмыс істейді. Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында сервистік әкімдік Үштөбе қаласында ашылған. Фото: Көксу ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Кербұлақ ауданының білім бөлімінде жаңа басшы

Алматы облысы Кербұлақ ауданының білім бөліміне жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 29-бабының 1-тармағына сәйкес, Досалбаев Ермек Сарқытбайұлы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. «Білім бөлімінің басшысын жаңа лауазымымен құттықтаймын! Жаңа қызметті адал атқарып, Кербұлақ ауданының білім сапасының деңгейін көтеруге аянбай еңбек етеді деп сенемін!» , - деп жазды аудан әкімі махаббат Бигелдиев Facebook жеке парақшасында. Осыған дейін Ермек Досалбаев Қаспан ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеді. Фото: https://www.facebook.com/BigeldievMahabbat.

«Орбұлақ» шайқасының тарихи клубы құрылды

Талдықорған қаласындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жанынан «Орбұлақ шайқасының тарихи клубы» құрылды, деп хабарлайды  TINFO желілік агенттігі. Клуб халқымыздың көп ғасырлық мәдени-тарихи мұрасын жандандыруға және тарихымызға деген жағымды көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Жалпы ұлттық клубы  түрлі фестивальдер өткізу, тарихи естелікті сақтауға жаңа серпін бермек. Сонымен қатар, тарихшылар, археологтар, қолөнершілер, реконструкторлар мен түрлі қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыстар жүргізеді. Клубтың алғашқы отырысына  зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен жас мамандар қатысты.  Жиында  алғаш болып сөз алған «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін «Орбұлақ» шайқасының отандық тарихтағы мән-маңызына тоқталып өтті. «Ұлт тарихында Орбұлақ шайқасының орны бөлек. Шайқас туралы айтқанда, Салқам Жәңгір мен Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүрдің есімдері аталмай тұрмайды. Ел арасында күмән туғызып келген Орбұлақ шайқасы егемен елдің тарихынан ойып тұрып орын алды. Қазақ елінің жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғысы ұлт қаһармандарының ел мен жер тағдырын батыл шешіп, халқын қорғай алатындығын дәлелдеп, көрегендік саясатының мызғымас беріктігін көрсетті. Бұл шайқас – қаһармандық пен ержүрек батыр бабаларымыздың ұлы жеңісі. Сондықтан тарихтағы ұлы істер, ерліктер ұмытылмауы қажет. Облысымызда осындай тарихи клубтың құрылғандығы өте қуантарлық жағдай», - деді Әміре Әрін. Фото: «Жетісу медиа» КММ.

Үшаралдық жас ұстаз автокөлік мінді

Талдықорған қаласында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай «Ұстаз  аты –ұлы, әрі мәңгілі » атты  салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Мерекелік шараға  облыстың  аудандары мен қалаларының білім саласының басшылары, оқу орындарының оқытушылары қатысты. Аймақ басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Батыржан  Байжұманов жиналғандарды құттықтап сөз сөйледі. «... Білім беру сапасын жақсартып, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын жою, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, инклюзивтік қоғам құруға белсене атсалысуымыз керек.  Шәкірт  бойына білім мен тәлімді тәрбие  нәрін сепкен ұстаздар  қауымы  кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!», - деді облыс әкімінің орынбасары. Салтанатты жиында білім саласында  зор еңбек сіңіріп, табысты қызмет жасап жүрген  мұғалім мен педагог-тәрбиешілер  марапатталды. Оның ішінде  ҚР Президенті атынан Алғыс хат, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғысы, Алматы облысы  әкімінің  Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты    сала қызметкерлеріне  құрметпен табысталды.  «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне Талдықорған сервис және технология колледжінің директоры Л. Базарқұлова, қаладағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Г. Жиренбаева да ие болды. «Ыбырай Алтынсарин»  төсбелгісі екі ұстазға — Б. Мұстафина мен М. Мұхамедиеваға  тапсырылды. Сапалы білім  мен саналы тәрбиені  жас ұрпақ бойына дарытып,  зор жетістіктерге қол жеткізген білім ошақтары облыс әкімінің номинациялары бойынша арнайы сертификаттармен  марапатталды. «Үздік ауыл мектебі» — аталымында  Еңбекшіқазақ ауданындағы №1 орта мектеп, «Үздік балабақшаны» — Қапшағай қаласындағы «Искорка» балабақшасы, «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» - Алматы экономикалық колледжі, «Орта білім беретін үздік ұйым» - номинациясында Текелі қаласының №8  орта мектебі  жеңімпаз атанды.  «Үздік педагог-2019» атағын Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Ә. Тойшыбекова, Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі С. Жанаберлиева және қапшағайлық Д. Қоспаева иеленді. Сондай-ақ, « Жылдың үздік  сынып жетекшісі» атағына  Текелі қаласындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М. Тутеев лайық деп табылыпты. Ал «Жылдың үздік мұғалімі» атағы мен жеңіл автокөлік кілті Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы №1 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Алмас Тұрсынбаевқа салтанатты түрде  табысталды. «Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын мұғалімдер арасында «Жылдың үздік мұғалімі» байқауы өткізіліп келе жатқаны белгілі. Биылғы облыстық сынға 24 ұстаз қатысып, 1 орынды жеңіп алдым.   Оған жаңартылған білім бағдарламасы мен робототехника, ІТ саласын жетік білуім негіз болды», - дейді жеңімпаз. Фото: «Жетісу медиа» КММ.

Нұркентте 240 пәтердің құрылысы басталды

Панфилов ауданының  Нұркент қалашығында 60 пәтерлі төрт тұрғын үй салынуда, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше,  аталған тұрғын үйге республикалық және жергілікті бюджеттен 2 млрд 79 миллион теңге бөлінген. Жалгерлік тұрғын үйлер келер жылдың екінші жартысында пайдалануға беріледі. «Қазір құрылыс қарқынды жүрілуде. Мердігер компания жұмысты жоспар бойынша орындап жатыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыдар, абаттандыру жұмыстары барлығы толығымен жүйеленген», - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Арғынғазы Саурықов Аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Тазабековтың сөзінше, 240 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйге кезекте тұрған адамдарға беріледі. Қазір аудан бойынша 3086 отбасы кезекте тұр. Панфилов ауданында биыл кезекте тұрғандарға 40 жалгерлік үйдің кілті тапсырылса, кәсіпкерлер тарапынан көп балалы 14 отбасыға баспана берілген. Фото: Панфилов ауданы әкімнің баспасөз қызметі.

«Талдау және болжау» орталығы ынтымақтастықты арттыруда

 «Талдау және болжау» орталығы діни бірлестіктердің ынтымақтастықтарын арттыру мақсатында «Ізгілікті істер» қоғамдық қоры орталығымен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Бұл туралы «Zhetysu media» алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Қазіргі таңда Алматы облысында азаматтарға діни мәселелер бойынша онлайн-кеңес беретін «Қауырт желі 114» орталығы жұмыс істеуде. Орталық «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан ұсынылған. «Қауырт желі 114» Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен діндерді зерттеу орталығы қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жоба азаматтарға діни мәселелер бойынша кәсіби және уақытылы көмек көрсете алады. Мамандар телефон арқылы және сайттың онлайн режимінде тұрғындардың дінге қатысты сауалдарына жауап беріп, деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетеді. Консультациялық кеңес қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Бүгінде «Қауырт желі 114» Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде жүзеге асырылып отырған бірегей бастама саналады. Орталықта заңгер, теологтар мен дінтанушылар, психологтар жұмыс істейді. Кеңес беру тәулік бойы және құпия, жасырын түрде жүргізіледі. Қоңыраулар Қазақстанның кез-келген нүктесінен тегін қабылданады. Меморандумға қол қоюдың басты себебі, «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының «Талдау және болжау» орталығымен кері байланыс орнату. «Қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарымыздың азаматтар үшін қаншалықты тиімділгін, орталықтың деңгейін сауалнама арқылы білу. Орталықтың алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс істеу қажеттілігін анықтау. Сондай-ақ, азаматтарға  әзірленген сауалнамалардың дұрыстығын, методикалық әдістерге сай жасалынғандығын арнайы сарапшылардың бақылауына алу мақсатында меморандумға қол қойып отырмыз»,- деді «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының қоғаммен жұмыс істеу маманы Жандос Анарбекұлы. Фото: «Zhetysu media» КММ.

Талдықорғанның көп балалы аналары мен ардагерлеріне 100 коттедж берілді

Бүгін Талдықорған қаласындағы «Береке» шағын ауданында 100 коттедж үй салынып бітіп, пайдалануға берілді. Сөйтіп Талдықорған қаласының туған күніне орай көп балалы аналар, ауған соғысының ардагерлері, кезекте тұрған азаматтар қоныстой қуанышына кенелді. Оларға пәтер кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетов және басқа да белгілі азаматтар салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қолданысқа берілген 100 коттедж қатарымен сап түзеп «Береке» шағын ауданының ажарын ашып тұр. Екі қабатты үйлердің біркелкі тұр-тұрпаты, аршыған жұртқадай аппақ шарбақтары алыстан көз тартады. Баспаналы болу бақытына бөленген көпшілік осы салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталовтың қос мерекемен құттықтаған ізгі тілегін ықыласпен тыңдады. «Шаңырағың биік, босағаң берік болсын дейтін жақсы тілек бар қазақта. Бүгін сіздердің қуаныштарыңызға осындай тілектерді арнап айтқым келеді. Жаңа баспанада бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, іші шаттық пен бақытқа толсын! Бұл коттеджді қалашық біраз жыл бұрын қолға алынғанымен, құрылысы біраз саябырлап қалған еді. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын жандандырып, соның 100 үйін аяқтап, көп балалы аналарымызға, баспанаға мұқтаж азаматтарға беріп отырмыз. Елбасы жүргізген, жаңа Президентіміз жалғастырған мемлекеттік саясаттың арқасында осындай зор нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Ынтымағымызды сақтап, бірлесе еңбек етсек, бұдан да биік белестерге жетеміз. Қашанда ел іргесі тыныш, еңбегіміз жемісті, ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болсын!», – деді Амандық Баталов. Мұнан соң қоныс иелері жаңа үйлерінің кілтін облыс әкімі Амандық Баталовтың, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетовтің, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіттің қолдарынан алды. Сонымен қатар тұрғындарды баспанамен қамтуға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосқанын атап өту керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ынта танытқандар қатарында «Сарқан Май», «Адал», «Казфудпродакс», «Жаркент Арасан», «Табыс даму», «Нұр-Шапағат», «Ақсу қант», «Вершки» ЖШС-ларының, «Ернар» шаруа қожалығының, Жаркент Крахмал зауытының басшы азаматтары бар. Осы жомарт жандардың бірқатары ортаға шығып, кілт тапсыру рәсімін атқарды. Шарада көп балалы ана Зылиха Нұрсейітова, Ауған соғысының ардагерлері Мұрат Әмитов пен Шормақ Ілиясов тұрғын үй иелеріне құттықтау лебіздерін, облыс және қала басшылығына алғыстарын білдіріп, кино саласының көрнекті өкілі Әлімғазы Райымбеков ақсақал бата берді. Облыс әкімі бастаған ресми өкілдер жаңа үйлерді аралап көріп, көп балалы аналар Рысқан Ақбәкірова мен Зылиха Нұрсейітованың шаңырақтарынан дәм татты. Жалпы, Талдықорғандағы «Коттеджді қалашықта» бекітілген жобаға сәйкес жалпы алаңы 56,4 мың шаршы метр болатын 606 жеке тұрғын үй (коттедждер) салу жоспарланған. Қазіргі кезде мұнда алаңы 13,9 мың шаршы метрлік екі қабатты 155 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бес құрылыс компаниясы тартылды. Оның 100-і бүгін пайдалануға берілді. Көп балалы отбасылар үшін "Le Pes» ЖШС жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метрлік 125 пәтерлі 2 үй салуда. «7-20-25» бағдарламасы арқылы 8-ші және 9-шы шағын аудандарда аумағы 23,8 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысын биыл бастап, келер жылы аяқтау көзделген. Сонымен бірге бюджет есебінен 8 және 9 шағын аудандарда жалпы ауданы 140,5 мың шаршы метр 1 553 пәтерлік 15 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Ал биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында Талдықорғанда 100,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді, бұл 2018 жылдың деңгейінен 1,8 есе жоғары. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар арқасында халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқын алып отыр. Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойы туған жерінде тойланды

Cарқан ауданында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Шараға Кәкімжан Қазыбаевтың асыл жары Орынша Қарабалина-Қазыбаева қатысты. Бақалы ауылындағы К.Қазыбаев атындағы орта мектепте қаламгерді еске алуға арналған қойылым назарға ұсынылып, мерейтой иесінің ұлы, «Алаш Медиа Груп» медиахолдингтің бас директоры Батыр Қазыбаев әкесінің атындағы мектепке естелік сыйлықтар ұсынды. М.Арын атындағы ауылдық Мәдениет үйінде кітаптар көрмесі мен мерекелік концертті көпшілік тамашалады. Келесі күні Бақалы ауылының атшабарында аламан бәйге ұйымдастырылып, І орынды Ақсу ауданынан келген Айбек Досаевтың арғымағы еншілеп, ақсулық Шалқар Алдабергеновтың тұлпары ІІ орыннан, Бақалы ауылынан Нұрбол Мұхаметжановтың қосқан жүйрігі ІІІ орыннан көрінді. Сол күні Қойлық   ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте еркін күрестен жарыс өтіп, І орынды сол ауылдың тұрғыны Дәулет Әкім жеңіп алды. Қойлық ауылындағы К.Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінде мәртебелі меймандармен сарқандық тұрғындардың   кездесуі өтті. Алдымен меймандар еңселі мәдениет үйінің алдындағы қаламгер-қайраткер мүсініне гүл қойып, көркемсурет көрмесін қызыға тамашалады. Танымал меймандармен кездесуге тайлы-таяғымен келген көрермендер алдында аудан әкімі Марат Разбеков сөз алып, мақтан тұтар жерлесіміздің қызмет баспалдақтарымен, шығармашылығымен таныстырды. Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, жалынды публицистикасымен, деректі туындыларымен жарқ етіп көрінген қаламгер ағамыз Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарлығынан Қазақстан Орталық Комитетінің аппаратына жауапты жұмысқа шақырылған. Екі басылымда белгілі бір орында табаны күректей жиырма жыл отырған Кәкеңнің партиялық қызметке барысымен жұлдызы жарқырап шыға келеді. Араға санаулы жылдар салып, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ-тың бас директоры болып, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшылығына дейін көтерілгенін Марат Мелісұлы өз сөзіне арқау етіп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қаламгер-қайраткер мерейтойына арналған құттықтау хатын табыс етті. Аудан басшысы халқымыздың дәстүрімен мерейтойға арнайы келген Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың, доцент Зұлжамал Дәуленованың иығына қамзол,  жазушы-журналист Жанболат Аупбаевтың, медицина ғылымының докторы, профессор Нұрлан Арынның, техника ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Аманкелді Бекбаевтың,  жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуаттың, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Қайранбаевтың иығына шапан жапты. Кездесуде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, республикалық Ұлттық қоғамдық келісім комиссиясының мүшесі Дәурен Қуат Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жазушы-журналист Жанболат Аупбаев ұстазы, Кәкімжан Қазыбаевтың  журналистік-жазушылық қыры жайында тың деректерді ортаға салды. Фото: TINFO.

Парақорлық істерден мемлекетке 24 млн жуық залал тиді

Алматы облысында 9 ай ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен 112 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның 74-і сыбайлас жемқорлықпен байланысты, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Бұл туралы ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы  Данияр Тұрғанбаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 9 айдағы қызметінің қорытындысының көрсеткішіне сәйкес аяқталған қылмыстық істер бойынша аңықталған залал сомасы 24,5 млн теңгені құрады. Оның 98%-ы немесе 23,9 млн теңгесі мемлекет кірісіне өтелді. Сыбайлас жемқорлықты жасағаны үшін 51 адам, оның ішінде 9 бірінші басшылар қылмыстық жазаға тартылған. «Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің, сондай- ақ Алматы облысы кеден қызметіндегі тауарды әкелу кезінде шекарадағы кедендік тексеру рәсімдері әлі де сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі болып табылады. Салық қызметі бойынша сыбайлас жемқорлық залалдануы 27,3% құрайды, кеден қызметі бойынша - 19% құрады. Өз кезегінде, салық саласы бойынша ақшалай сыйақының орташа мөлшері 108 мың теңгені, ал кеден саласы бойынша 74 мың теңгені құрайды», - деп атап өтті Данияр Тұрғанбаев. Департамент басшысының айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа жұмыс бағытына өте отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі функцияларды жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар қоғамда адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру және нығайту жөніндегі жұмыстарға көшуде. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бастамалары анық айқындалған құндылықтар призмасы арқылы іске асырылатын болады. Бұл – әділдік, сенім және парасаттылық. Бизнес пен инвесторды қолдауға арналған «Protecting Business and Investments», өскелең ұрпақты парасаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған «Адал ұрпақ», жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған «Саналы ұрпақ», темір жолдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоюға арналған «Адал жол» жобалары жүзеге асырылуда.  Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарын тарту мақсатында Арнайы мониторинг топтары қызмет етіп жатыр. Бүгінгі күнде олар жоғары оқу орындар мен колледждердің студенттерді мемлекет есебінен грантқа қабылдау емтихандарына мониторинг жүргізілуде.  Фото: «Jetisy media» КММ.

Министрлер мен әкімдер мектептерде «эко-сағат» өткізеді

3 қазанда Қазақстандағы барлық мектептерде «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталады. Бұл туралы Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. «Достар, осы бейсенбіде еліміздің барлық мектептерінде «Эко-сағат» атты факультатив оқытыла бастайтынын қуана хабарламақпын. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 3 қазанда Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күні аталып өтеді», - деп жазды министр Twitter-дегі өз парақшасында. Министрдің дерегі бойынша, акцияға барлық министрлер кабинетінің мүшелері, өңір әкімдері қатысады. Министрлер мен әкімдер республика мектептерінде сабақ өткізіп, содан кейін оқушыларға ағаш отырғызуға көмектеседі. «Біз бұл күні Қазақстанда 200 мыңнан аса ағаш отырғызылады деп үміттенеміз. Қазақстанда «эко-сағат» өткізу дәстүрге айналып, халықты экологиялық тұрғыда тәрбиелеуге едәуір үлес қосады деген ойдамын», - деді Экология министрлігі басшысы. Жоспар бойынша, акцияға Қазақстандағы 6 мың мектеп пен 2 млн оқушы қатысады. 12 қазанда еліміздің барлық тұрғындар акцияны жалғастырмақ. Фото: Интернет.