Войти через

  • 06:49:40
  • -4°C

Четверг, 12 декабря$ 386.3  € 428.14  ₽ 6.08

Амандық Баталов Дархан Қыдырәліні қабылдады

TINFO
TINFO
Служба новостей

Облыс әкімі Амандық Баталов «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліні қабылдады, деп хабарлайды TINFO.KZ Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас басылымның жетекшісін қарсы алған облыс әкімі Амандық Баталов алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде қысқаша баяндап берді. Аймақтағы ауыл шаруашылығы, соның ішінде қант өндірісі, жүгері өсіру, мал бордақылау жайына, әлеуметтік қорғау шараларына, туризмді өркендету ісіне тоқталып өтті. Осындай атқарылған істерді халыққа жеткізудегі «Егемен Қазақстан» газетінің рөлі ерекше екенін де атап өтті.

«Бүгінгі күні интернет-журналистика дамыды, блогерлер белсенді деп жатамыз, бірақ сөзі салмақты, мәселелерді байыпты, объективті бере алатын газеттердің орны қашанда бөлек. Осындай басылымдар - әрдайым біздің басты мінберіміз. Кейде аймақтардағы кемшіліктерді БАҚ арқылы біліп отырамыз. Бұл жағынан бізге сын материалдар да көмектеседі. Себебі біздің барлық жерге баруға мүмкіндігіміз бола бермейді. Сондықтан сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз. Биыл «Егемен Қазақстан» басылымына 100 жыл толып отыр. Бұл – үлкен белес. Мерейтойлық шараларға Алматы облысы да белсене атсалысады. Біз өз тарапымыздан қашанда қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Амандық Баталов.

Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі Алматы облысының, соның ішінде Талдықорған қаласының үздіксіз түрленіп келе жатқанына таңданысын жасырмады.

«Елімізде ерекше өркендеп келе жатқан үш қаланы атар едім. Оның біріншісі, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы – Елбасының өзінің төл туындысы, екіншісі – Түркістан, Елбасының бастамасымен орталық мәртбесіне ие болып, дамудың жаңа сатысына көтерілуде. Үшіншісі – Талдықорған, Елбасының туған жері. Әр келген сайын Талдықорғанның танымастай өзгеретініне тәнтімін. Облыс орталығы ғана емес, жалпы Алматы облысының даму қадамдарын «Егемен Қазақстан» газеті үнемі жазып, көрсетіп келеді. Елдің игілігіне қызмет ету – біздің ортақ міндетіміз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Басылым басшысы ғасырлық мерейтойды ұлы тұлғалармен байланыстыра отырып, тағзым, тағылым сипатында өткізуді жөн көргендерін айтты. Мәселен, аталмыш басылымды басқарған 18 қайраткердің 15-і репрессия кезінде атылып, өзгесі қуғын-сүргінге ұшыраған. Сондықтан газеттің 100 жылдық жылнамасы қазақ тарихынан тыс емес. Газет бұл бағыттағы алғашқы сапарын Абай елінен бастап, Жидебай жеріне тағзым етіп қайтқан екен. Ал биыл 125 жылдық мерейтойы аталып өткен жыр Құлагері Ілияс Жансүгіровтің есімі де ертеректегі «Еңбекші қазақ» газетімен байланысты. Сондықтан Жетісу жеріндегі сапар Ілияс мұраларымен сабақтастырылатын болады.

Кездесу соңында басылымды 100 жылдығымен құттықтаған облыс әкімі А.Баталов газеттің өсіп-өркендеп, жақсы жаңалықтардың жаршысы бола беруіне тілектестігін білдірді.

Жалпы, осы сапар аясында Дархан Қыдырәлі І. Жансүгіровтің әдеби-мемориалдық музейінде, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Салтанат сарайында жетісулық оқырмандармен, студенттермен, облыс жұртшылығымен жүздесіп, пікір алмасады деп жоспарланған.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Авторизируйтесь, чтобы комментировать