Войти через

  • 16:43:22
  • 19°C

Среда, 16 октября$ 389.59  € 429.06  ₽ 6.05

Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойы туған жерінде тойланды

TINFO
TINFO
Служба новостей

Cарқан ауданында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.

Шараға Кәкімжан Қазыбаевтың асыл жары Орынша Қарабалина-Қазыбаева қатысты.

Бақалы ауылындағы К.Қазыбаев атындағы орта мектепте қаламгерді еске алуға арналған қойылым назарға ұсынылып, мерейтой иесінің ұлы, «Алаш Медиа Груп» медиахолдингтің бас директоры Батыр Қазыбаев әкесінің атындағы мектепке естелік сыйлықтар ұсынды. М.Арын атындағы ауылдық Мәдениет үйінде кітаптар көрмесі мен мерекелік концертті көпшілік тамашалады.

Келесі күні Бақалы ауылының атшабарында аламан бәйге ұйымдастырылып, І орынды Ақсу ауданынан келген Айбек Досаевтың арғымағы еншілеп, ақсулық Шалқар Алдабергеновтың тұлпары ІІ орыннан, Бақалы ауылынан Нұрбол Мұхаметжановтың қосқан жүйрігі ІІІ орыннан көрінді. Сол күні Қойлық   ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте еркін күрестен жарыс өтіп, І орынды сол ауылдың тұрғыны Дәулет Әкім жеңіп алды.

Қойлық ауылындағы К.Қазыбаев атындағы Мәдениет үйінде мәртебелі меймандармен сарқандық тұрғындардың   кездесуі өтті. Алдымен меймандар еңселі мәдениет үйінің алдындағы қаламгер-қайраткер мүсініне гүл қойып, көркемсурет көрмесін қызыға тамашалады. Танымал меймандармен кездесуге тайлы-таяғымен келген көрермендер алдында аудан әкімі Марат Разбеков сөз алып, мақтан тұтар жерлесіміздің қызмет баспалдақтарымен, шығармашылығымен таныстырды.

Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, жалынды публицистикасымен, деректі туындыларымен жарқ етіп көрінген қаламгер ағамыз Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарлығынан Қазақстан Орталық Комитетінің аппаратына жауапты жұмысқа шақырылған. Екі басылымда белгілі бір орында табаны күректей жиырма жыл отырған Кәкеңнің партиялық қызметке барысымен жұлдызы жарқырап шыға келеді. Араға санаулы жылдар салып, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ-тың бас директоры болып, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшылығына дейін көтерілгенін Марат Мелісұлы өз сөзіне арқау етіп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қаламгер-қайраткер мерейтойына арналған құттықтау хатын табыс етті. Аудан басшысы халқымыздың дәстүрімен мерейтойға арнайы келген Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың, доцент Зұлжамал Дәуленованың иығына қамзол,  жазушы-журналист Жанболат Аупбаевтың, медицина ғылымының докторы, профессор Нұрлан Арынның, техника ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Аманкелді Бекбаевтың,  жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуаттың, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Қайранбаевтың иығына шапан жапты.

Кездесуде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, республикалық Ұлттық қоғамдық келісім комиссиясының мүшесі Дәурен Қуат Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жазушы-журналист Жанболат Аупбаев ұстазы, Кәкімжан Қазыбаевтың  журналистік-жазушылық қыры жайында тың деректерді ортаға салды.

Фото: TINFO.

Добавить комментарий

Авторизируйтесь, чтобы комментировать