Войти через

  • 03:40:51
  • 14°C

Воскресенье, 18 августа$ 386.82  € 428.67  ₽ 5.86

Алматы облысында «Сонар-2017» халықаралық құсбегілер жарысы өтті

Алматы облысында «Сонар-2017» халықаралық құсбегілер жарысы өтті

27.11.17

Спорт
Алина Галымова
Алина Галымова
Журналист

Алматы облысы Талдықорған қаласы маңындағы Сырымбет ауылында «Жалайыр Шора» құсбегілік мектебінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Сонар – 2017» халықаралық қансонар өтті.

Айтулы шараға 48 бүркіт, 4 қаршыға, 4 ителгі қатысуда. Қытайдан 3, Моңғолиядан 2 бүркітші келсе, қалғаны Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді. Таяуда қансонардың қолға шақыру, шырғаға түсіру бөлімі өтіп, одан іріктеліп шыққан қырандар бүгін қоянға салу бойынша бəсекеге түсті. Нəтижеде 7 бүркіт финалға шығып, енді жарыстың түлкіге салу бөлімінде бақ сынасады. Ал қаршыға жəне ителгі қырандары өз алдарына жеке-жеке жарысқа түседі. Өйткені қаршыға кептерді шеңгелдей сығып ұстаса, ителгі тепкінмен алады. Сондықтан да қаршыға мен ителгі бөлек жарысқа түсіп отыр. Сондай-ақ бұл сонарда тек бүркітшілер арасында тұңғыш рет асау үйрету, теңге ілу, қыз қуу, садақ ату, аударыспақ, көкпар тарту бойынша жарыс өткізілуде. Бұған дәстүрлі ән мен күй сайысы да қосылып отыр.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алға қойылған мақсаттарды іске асыру негізінде өтіп жатқан сонарды Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт минстрлігі Спорт жəне дене шынықтыру комитетінің, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының және «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының қолдауымен Алматы облыстық туризм, дене шынықтыру жəне спорт басқармасы мен «Қыран» федерациясы ұйымдастырып отыр. Сонардың ашылуында мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, ұлттық спорт қамқоршылары Оралбай Əбдікəрім, Қанат Ахметов, алашшыл ақын, «Дəстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов жəне «Жалайыр Шора» құсбегілік мектебінің іргетасының қалануынан бастап, басы-қасында жүрген, бүгінде аталмыш мектептің жетекшісі, ұлтымыздың құсбегілік өнерінің қайта жаңғырып, дамуына еселі еңбек сіңіріп келе жатқан қазақтың қайраткер қызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сəттілік тіледі.

Добавить комментарий

Авторизируйтесь, чтобы комментировать