Войти через

  • 21:00:58
  • 9°C

Среда, 30 сентября

Баһадүр батыр Байсейіт

Баһадүр батыр Байсейіт

19.10.17

Общество
Алина Галымова
Алина Галымова
Журналист

Тарих – кешегі мен бүгінгінің арасын жалғайтын алтын көпір.  Демек, өткенді білмей болашақты бағдарлай алмайсың. Елбасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  алдағы мақсатқа жету үшін санамыздың ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс екендігін алға қойды. Осыған орай ел аумағында бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін жанқиярлықтың үлгісін танытқан батырлар есімін бүгінгі ұрпаққа жеткізу маңызды.

Батырлар елі деген қасиетті ұғымға толық дәлел болатын, Қарасай батырдың жолын ұстаған ержүрек ерлердің бірі – Байсейіт батыр. Ол 1831 жылы Жамбыл ауданы Балғабек Қыдырбекұлы атындағы ауыл аумағында өмірге келген. Атақты Тойшыбек батырдың ұрпағы. Сонау Сәмен баһадүр бабасынан бері үзілмеген батырлық дәстүрдің ықпалында тәрбиеленген Байсейіт Тойшыбекұлы батырлығымен ерте көзге түсіп, ерен ерлігімен танылған.


ХIХ ғасырдың бірінші жартысында Жетісу өңірінің тарихында өзіндік із қалдырған батыр, атақты би Тойшыбек Қасаболатұлы 1783 жылы Жамбыл ауданы, Таран ауылында туып, 1860 жылы өмірден өткен. Ол Аңырақай шайқасындағы  қас батырлардың бірі Сәмен батырдың немересі.

Тойшыбек батыр Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын қолдаушылардың бірі. Талай шайқастарға қатысып, ерлік көрсеткен. Кенесарыны хан Жетісуға келгенде алғаш Тойшыбек батырдың ауылына тоқтайды. Кенесарыны орыс отарлаушыларынан қазақтардың қорғаушысы ретінде қарсы алады. Әділ би, батыр Тойшыбек Кенесары ханға көмектесіп, барынша қолдау көрсетеді. Алматы қаласына таяу маңда, Ақсай және Қарасай өзендерінің түйіскен тұсында 1849 жылы бекініс салдырады. Бекініс қабырғасының ұзындығы 85 метр, биіктігі 5 метр болған деседі білетіндер. Патшалық Ресейдің Жетісуға келуіне қарсылық танытып, оған қарсы күресте Қоқан хандығына арқа сүйейді.

Тойшыбек батыр Іле алқабындағы Үлкен Алматы өзенінің Қаскелең өзеніне құяр тұсынан халықтың мал, мүлкін көршілес жатқан елдердің барымташыларынан қорғау үшін өз қаражатына салғызған қорғанына иелік еткен. Тойшыбек бекінісі Қоқан иелігіндегі жерде орналасқандықтан қоқан бектері бекіністі өз мүделеріне пайдалану мақсатымен  Тойшыбек батырға датқа лауазымын берген.

Тойшыбек бекінісі Құлжадан Ташкентке баратын негізгі керуен жолының бойында орналасқандықтан жергілікті халық үшін маңызы зор болған. Мұрағат деректеріне қарағанда, Тойшыбек би осы бекініс арқылы өткен саудагерлердің  Іледен өтуіне көмек беріп отырған.

1850 жылы Ресей армиясының капитаны Гутковский 2 зеңбірегі бар 300 әскермен Тойшыбек батыр бекінісіне шабуыл жасайды. Бірақ Тойшыбек Қасаболатұлы бастаған жасақ Гутковскийдің шабуылына тойтарыс беріп, бекіністі талқандауына жол бермейді. Шабуылда Тойшыбек батырдың жасағынан 200-ден астам адам қаза табады. Ресей үкіметі Тойшыбек батыр бекінісін алу үшін 1851 жылы маусым айында подполковник Карбышев бастаған экспедицияны аттандырады. Қалың қолға дес бермеген Тойшыбек батырдың өз заманында  осал болмағанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Подполковник Карбышев Тойшыбек бекінісін талқандауға бұйрық береді. Тойшыбек бекінісін қиратқан Карбышев 1854 жылы көктемде көне Алматы қаласының орнына Верный бекінісін салғызған екен. Осыдан кейін-ақ Жетісуды, Оңтүстік Қазақстанды патшалық Ресей тарапынан отарлау жеделдей түскен. 1860 жылы қазан айында Ұзынағаш түбінде полковник Колпаковскийдің әскеріне қарсы аттанған 20 мың сарбаз сапында Кенесары ханның ұлы Садық сұлтан және Тойшыбек батыр да болған. Бұдан тәуелсіздік үшін күрестегі баһадүр батырлардың еңбегі зор болғанын көреміз.

«Батырдан батыр туады» деген сөз шындыққа жақын. Тойшыбектің ұлы Байсейіттің өткір мінезі, ақылына батырлығы сай ержүрек екендігін бала кезінен байқап, Кене хан оның ерлігіне риза болған. 

Жыр алыбы Жамбыл:

Жетіп келді қасына Саурық пенен Сыпатай

Жас та болса Байсейіт жүрген еді қалыспай, – деп ханға қосылған Ұлы жүздің батырлары ішінде Байсейітті ерекше атап өткен.

Байсейіттің қайсарлығы мен батырлығын айналасы жас кезінен танып, біледі.  Оның батырлығын Сыпатай би де жоғары бағалаған. Ел арасында Сыпатай батырдың: «Жауға шапқанда Байсейіттің найзасының ұшы жауға менікінен бұрын тиюші еді, менен гөрі сол Байсейіт батыр» дейтін сөзі ел арасында  қалған.

Байсейіт батыр Кенесары батырларының арасындағы ең жасы болған. 15 жасар Байсейіт ханның есігінің алдына дейін шауып келіп, дәл табалдырығының алдына келіп ат басын тартады. Сонда әкесі Тойшыбек «Бұл не бейбастық, сен ханды басынамысың?» деп ұрысқанда, Байсейіт: «Мен хан деп келгенім жоқ, батыр деп келдім, батырдан батыр қорықпайды» деп іле жауап қатқан дейді. Жас Байсейіттің ақылдылығы мен өжеттігіне сай ержүректігінің де барын байқаған хан Кене оған әбден риза болады. Бұл жөнінде «Кенесары – Наурызбай» атты дастанында ақын Саяділ Керімбеков:                                                                                                       
Тұлғасын Кене сынаған.

Сынағанда ерлікке

Бар болмысы ұнаған, – деп жырға қосқан.

Байсейіт батыр әкесі Тойшыбекпен және бауыры Керімбекпен бірге 1847-1862 жылдары Жетісуды патшалық Ресейдің жаулап алуына қарсы табанды күрес жүргізеді. 1850 жылы Үш Алматы өңірін жаулап алуға келген капитан Гутковскийдің экспедициясына қарсы Тойшыбек би Қасаболатұлы бастаған көтеріліске қатысады.

Байсейіт сенімді жігіттерімен 1856 жылы Қапалдан Верныйға келе жатқан    әскери жүк көлігіне шабуылдап, 6 солдатты тұтқындап әкетеді және мол астықты олжалайды.  Патша өкіметінің жаулап алу саясатына қарсы күресе жүріп,  Байсейіт батыр елдің тұрмысының жақсаруына да қамқор бола біледі. Оның басшылығымен Ақсеңгір өзенінің жоғарғы жағынан тоған салынып, егін егіледі.

«Байсейіт тоғаны» деп аталған тоғанды жағалай қонған жұрт салған егін көктемнен күзге дейін көгеріп, жайқалып тұрғандықтан ел сол өңірді «Көкдала» деп атап кетеді. Расында да Көкдала әлі де осы атына сай халық мекендеп төрт түлігін өргізген құтты мекен саналады. Байсейіт батыр әкесі Тойшыбекпен бірге Пішпек бекінісі төңірегінде қоныс тепкен қырғыздың солты руының жігіттерімен бірігіп, отаршылдыққа қарсы әрекеттерін тоқтатпайды. Қырғыз жігіттерімен бірге қоқандықтар жағында Пішпекті қорғауға да белсене қатысады. Шу өңірінде, Пішпек түбінде мұндай бас көтерген топтарды басқарғандардың бірі Байсейіт Тойшыбекұлы болды. Шу экспедициясының бастығы Тойшыбек бидің ықпалды ұлдары – Байсейіт батыр мен Керімбек биге қатты назар аударып, сыйлықтың ең қымбатын ұсынып, хат жолдап, үгіттеп бағады.

Патша әскерлерінің жаулаушылық жорықтарына қарамай қазақ-қырғыздың бірі Атабек датқа, екіншілері Сарымсақ би жағына бөлініп, жақ-жақ болып соғысып кету қаупі төнеді. Байсейіт батыр мұндай қантөгіске жол бермеу мақсатында екі жақты бітімгершілікке шақырып, бейбіт келістіру жағын ойластырады. Сол үшін Байсейіт батыр Әулиеатаны қоршау кезінде қырғыз манаптарымен бірге бекініс ішіндегі қоқандықтармен келіссөз жүргізіп, сондай бір сәтте қоқандықтар оны тұтқынға алады. Тұтқыннан қашып шыққан батырдың арқасына ту сыртынан атылған оқ тиіп, жараланады.

Байсейіт батырдың екі жақты бейбіт келістіру жолындағы қызметі еш кетпей, ақыры Талас өңіріндегі Байзақ датқа бастаған Ұлы жүз қазақтары мен Сарымсақ би бастаған қырғыздар Әулиеатаны қорғаушылармен өзара ымыраға келіп, қаланы соғыссыз алады. Әулиеатаның бұрынғы бегі Атабек ақсақал ретінде қалып, қала бегі болып Сарымсақтың ұлы Пұсырманқұл тағайындалады. Әулиеатаның ішінде қоршауда қалған қазақтардың бәрі босатылады.

Байсейіт батырдың қайтыс болуы әртүрлі айтылғанымен қазақ-қырғызға танымал Шөже ақын Байсейіт батырдың күйеу баласы Ноғайбай биге айтқан жырында:  

Байсейіттің батырлығы жаннан асқан,                          

Ондай кісі шықпаған бір қатардан.

Сарттың жалғыз оғынан өліп кетті,

Сондай ғой опасы жоқ дүние жалған, – деп нақтылап кетеді.

Иә, бүгінгі бейбіт өмір үшін күрескен батырлар есімі ұмытылмайды. Осы деректер «Ұлы Бәйдібек баба – Ботбай» шежіресінде жан-жақты айтылып, батыр бабаларымыздың алдындағы бүгінгі ұрпақтарының парызы өтелгенін көреміз. Ал, мен өзіме келетін болсам Сәмен, Тойшыбек, Байсейіт батырлардың ұрпағы ретінде баһадүрлердің өмір дерегін жадымда сақтап, бүгінгі ұрпаққа ұлықтау ісіне өз үлесімді қосып келемін.

Тойшыбек батыр бабамыздың кіндігінен он төрт ұл, екі қыз тараған. Екі қыздың бірі Кенесары ханның, енді бірі Қоқан билеушісі Құдияр ханның келіні болады. Байсейіт батырдың жалғыз қызы Әсел болса, Ұлы жүзге белгілі Ноғайбай шешен Дәулетбақұлының әйелі. Ноғайбай шешеннің ауылына, Сұлутөр жайлауына Абай келгенде ұлы ақын осы апамыздың қолынан дәм татқан деседі. Сол он төрт ұлдың бірі Шыңғыстан тараған Нүркенің немересі, Өмірбайдың ұлы ретінде мен батыр баба аруағына тағзым етіп, бүгінгі тәуелсіздігімізді баянды етуде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлесімді қосып, Жамбыл ауданының экономикасы мен мәдениетін арттыруға күш-мүмкіндігімді жұмылдырып жүрмін.

Ғалымбек НҰРКЕЕВ, Байсейіт батырдың ұрпағы, құрылыс маманы

Это может Вас заинтересовать